Елордалық полицейлер дүкеннен қомақты ақша ұрлаған күдіктіні ұстады
Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Байқоңыр ауданы полиция басқармасына азық-түлік дүкенінің иесі жүгініп, ақшасы ұрланғаны туралы хабарлады. Әйелдің айтуынша, күндізгі уақытта, тауарды түсіру кезінде ол 1 млн 390 мың теңге және құжаттары бар сөмкені дүкендегі сөреде қалдырған. Осы уақытта сатып алушылардың бірі қолайлы сәтті пайдаланып ақша салынған сөмкені алып кеткен. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полицейлер ұрлыққа қатысы бар қаланың 34 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды. Қолма-қол ақша салынған сөмке тәркіленіп, жәбірленушіге қайтарылды», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға, шағын және орта бизнес объектілерін бейнебақылау камераларымен жабдықтауға және жұмыс орындарын қараусыз қалдырмауға кеңес береді.