Елордалық мәслихат депутаттары «Астана Тазалық» ЖШС жұмысымен танысты


Елорда мәслихатының депутаттары қалада санитарлық тазалықпен айналысатын «Астана Тазалық» ЖШС жұмысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кәсіпорын 2008 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылған. Негізгі қызмет бағыты – қаланың көшелерін санитарлық тазарту.
Қазіргі таңда «Астана Тазалық» ЖШС 207 көшеге және оларға іргелес жатқан тротуарларға қызмет көрсетеді. Бұл – елордадағы негізгі магистралдардың шамамен 40%-ын, яғни жалпы ұзындығы 370,4 км болатын аумақты қамтиды. Кәсіпорында 2 500-ге жуық адам жұмыс істейді, арнайы техниканың саны – 428.
2023 жылдың қазан айынан бастап барлық техникаларға жанармай деңгейін бақылауға арналған датчиктер орнатылды. Бұл жанармай шығынын орта есеппен 37%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Қыс мезгілінде ай сайынғы үнем 60-80 млн теңгені құрады.
Техникалар GPS-трекерлермен жабдықталған, бұл маршруттар мен жанармай құю процесін бақылауға, рұқсатсыз төгулер мен ұрлықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын басшылығы қаламызда санитарлық нормаларды тұрақты түрде бұзып, көшелер мен жолдарды ластайтын бірқатар нысандар бар екенін атап өтті.
«Бекітілген абаттандыру ережелеріне сәйкес, нысандардан шығатын жерлерде қоқыс пен лайды сыртқа шығармау үшін тазалау шаралары қарастырылуы тиіс», - деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.



