Елордадағы тағы бір ауданда балабақша салынады


Бүгін елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің «Сарайшық» ауданы тұрғындарының есептік кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиында «Highvill Astana» ТК тұрғындары атынан Лаура Ералина балабақша мәселесін көтерді.
«Бізде балабақша мәселесі бар. Былтыр 5 қыркүйек күні АҚШ елшілігінің артында балабақша салу бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау туралы қоғамдық талқылау өтті. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп бұл учаскені белгіледік. Ол жерге шамамен 300-ден астам балаға арналған балабақша салу жоспарланған еді. Осы уақытқа дейін 7 ай өтті, әлі түзету жасалмады. Біз ол жерге жаңа үй салынып, балабақшасыз қаламыз деп уайымдаймыз»,- деді аудан тұрғыны.
Әлеуметтік нысан құрылысына байланысты сұраққа Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы жауап берді.
«Қазір Бас жоспарды түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жыл соңына дейін қабылданады. Сіз айтып отырған балабақша бас жоспарда бар»,- деп жауап берді басқарма басшысы Алтынбек Ахметов.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек те жоспар бойынша ол учаскеге басқа нысан салынбайтынын және балабақша салу жоспарланғанын атап өтті.