00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада тұрғындардың үйлеріне өрт туралы ескерту датчиктері орнатылды

11 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Елордада тұрғындардың үйлеріне өрт туралы ескерту датчиктері орнатылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері мен еріктілер қала аумағында профилактикалық аралауды ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аралау барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді, сондай-ақ мамандар пеш пен газ жабдықтарын қарап, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне көміртегі тотығы датчиктерін орнатты. Бұл құрылғылар өртті ерте анықтауға мүмкіндік береді.

«Жылыту маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды, өйткені жылыту құрылғылары мен пештерді пайдалану өрт қаупін арттырады. Жылыту кезеңінің басында, әр демалыс күндері, апта сайын, тек елордада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Олар бірінші кезекте жылыту маусымы кезінде азаматтардың алдын алуға және қауіпсіздігіне бағытталған. Іс-шаралар барысында ТЖМ қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ тұрғындардың келісімімен үй-жайларды тексереді. Кемшіліктер немесе ескертулер анықталған жағдайда оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде газдың қауіпті концентрациясын анықтау үшін өрт датчиктері орнатылады. Осы датчиктердің арқасында соңғы 4 жылда 246 адам құтқарылды», – деді ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев.

Астананың 5 ауданында іс-шараға қатысушылар 15-ке жуық датчик орнатты.

Қауіпсіз жылыту маусымына дайындық аясында әлеуметтік осал азаматтар тұратын 100 мыңнан астам үй аулалық аралаумен қамтылды. Бұл іс-шаралар ықтимал қауіптерді жедел анықтауға және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп, тұрғын үйлерде автономды өрт датчиктерін орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2020 жылдан бастап азаматтардың үйлерінде 107 мыңнан астам дербес датчиктер орнатылды.