Елордада «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабының тұсаукесері өтті


Астанада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VIII құрылтайында «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабы таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кітапта академиялық мәтін жазудың негізгі ұстанымдары топтастырылып, тақырыпты түсіну, ойталқы жасау және әдебиет таңдау талаптарынан бастап, академиялық стильге тән сөз саптауға дейінгі тақырыптар қамтылған. Нұсқаулықта мәтін жанрлары жүйеленіп, әрқайсысының өзіне тән құрылымы мен талаптары түсіндіріледі.
Жиында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ғылыми мазмұнның қазақ тілінде жарық көріп, кең қолданысқа енуі маңызды екеніне айрықша тоқталды:
«Академиялық мәтін жазу шеберханасы» – өте маңызды құжат. Онда қазақ тілінде академиялық мәтіндерді қалай рәсімдеу керек, қалай жүйелеу керек, құрылымы қандай болуы керек – барлығы мысалмен жан-жақты түсіндірілген. Мұндай әдістемелік құралдар зерттеу институттарында көбірек қолданса, өз тіліміздегі сараптамалық, ғылыми-зерттеу жұмыстары одан әрі көбейе түседі деп ойлаймын», - деді ол.
Бұл кітап оқырманның академиялық жазу машығын дамытуға арналған. Түсінуге жеңіл болуы үшін әр бөлімде мысалдар мен үлгілер, тапсырмалар берілген. Кітап соңында оқырманның білімін толықтыруына арналған пайдалы дереккөздер тізімі ұсынылған.
Айта кету керек, жарыққа шыққан еңбек алдағы уақытта ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу орталықтары кітапханаларының қорын толықтырады. Академиялық мәтін жазуға қызығатын көпшілік кітаптың электрондық нұсқасын ҚҚДИ-дің ресми сайтынан (kipd.kz) оқи алады.
Кітапты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты әзірледі.