00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі

5 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Елордада 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі
фото: Оңалхан Өнерхан

 Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов елордада тұрғын үй қорын жаңғырту жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады, деп хабарлады  Elordainfo.kz.

Елордада 2013 жылдан бері 286 апатты үйдің тұрғындары жаңа үйлерге көшіріліп, 4500-ден астам отбасы жаңа, жайлы пәтерлерге ие болды.

«Мәслихат депутаттарының қолдауымен бекітілген 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңғырту жобасына сәйкес, 206 апатты үйдің тұрғындарын 4 710 жаңа пәтерге көшіру көзделген. Биылғы жылы 704 пәтер сатып алу бойынша келісімшарт жасалып, апатты үйлерге қатысты құқық белгілейтін құжаттарды жинау жұмыстары аяқталды», - делінген Instagram желісіндегі парақшасында.

2024 жылғы 2 шілдедегі мәслихат шешімімен «Апатты тұрғын үй иелерін көшіру үшін тұрғын үй сатып алу» бюджет бағдарламасы аясында 25 млрд теңге көлемінде облигациялық қарыз қарастырылды.

«Қазіргі уақытта апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мақсатында пәтерлерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде», - деді Ерлан Каналимов.

Сонымен қатар мәслихат төрағасы 909 пәтерге жеткізу келісімшарттары жасалып, 516 пәтер бойынша рәсімдер жалғасып жатқанын айтты.