00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елорда мектептерінде оқушыларға түсіндірме жұмысы жүргізілді

Елорда мектептерінде оқушыларға түсіндірме жұмысы жүргізілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі сайтынан

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен Т. Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейінде білім басқармасы, полиция департаменті, прокуратура және ҰҚКД өкілдерінің, мектеп және колледж директорларының қатысуымен жедел кеңес өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кеңес барысында қала мектептеріндегі жасөспірімдермен кездесуде көтерілген тақырыптар талқыланып, ведомстволардың жауапты мүшелері бекітілді. Кейін кеңес мүшелері қала аудандары бойынша топтарға бөлініп, 70-тен астам білім ұйымын аралап, жасөспірімдерге құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жүргізді.

Жасөспірімдермен кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері заңдарды сақтаудың маңыздылығын еске салды.

«Сіздер 18 жасқа толмаған болсаңыздар да, өз әрекеттеріңіз үшін жауапкершілік көтересіздер. Кейбір қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, бопсалау, бұзақылық  осы қылмыстар бойынша 14 жастан асқан жасөспірімдер түрмеге қамалуы мүмкін. 16 жасқа толғандар барлық қылмыс түрлері, оның ішінде есірткі мен қаруды заңсыз сақтау және айналым үшін де жауапқа тартылады. Егер кәмелетке толмаған жасөспірім әлі бұл жасқа толмаған болса, онда жауапкершілікті оның ата-анасы көтереді, тіпті ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін»,-  деп атап өтті прокуратура өкілі.

Оның айтуынша, 500-ден астам жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың арасында түрмеге қамалғандар да бар.Сондай-ақ, ата-аналар да өз балаларының заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар, оқушыларға жақында Астанада болған жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес туралы ескертілді.

«Сіздер, бәлкім, жасөспірімдер жиналып, жаппай төбелесуге тырысқандары туралы естіген боларсыздар. Оған қатысушылармен полиция бірнеше күн бойы жұмыс істеп жатыр. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды, бәрі есепке алынып, мектептен шығарылып, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияда қаралады, «ерекше көзге түскендер» сотталады, ата-аналары да жауапқа тартылады», -  деп атап өтті бақылаушы органның өкілі.