«Бір шаңырақ астында» : Елордалық белсенді зейнеткерлер Бірлік күніне орай концерт ұйымдастырды

29 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Бір шаңырақ астында» : Елордалық белсенді зейнеткерлер Бірлік күніне орай концерт ұйымдастырды
фото: Сұлтан Сейіт

«Есіл» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында  Қазақстан  халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында және  Бірлік күніне орай «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымының ұйымдастыруымен өткен шараны орталықтың қызмет алушылары тамашалады.

«Есіл» аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени іс-шараларды ұйымдастыру маманы Гүлшат Әбубакированың сөзінше, өнер ұжымдары түрлі мерекелік концерттерге белсенді атсалысады.

«Бүгінгі іс-шараны «Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымы ұйымдастырып отыр. Бұл ұжым біздің ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді көріністер арқылы дәріптеп жүр. Бүгінгі концерттік  бағдарламада олар жақсы өнер көрсетті. Бұл ұлттар арасындағы достықты қолдаудың бір ұраны деп білемін.  «Асыл мұра» домбыра ансамблінде 30-ға жуық адам бар. Бұл ансамбль республика және түрлі облыс аумағында жоғары өнер көрсетіп жүр. Жалпы орталықтағы өнер ұжымдары қаладағы атаулы іс-шараларға белсенді қатысады», - деді Гүлшат Әбубакирова.

фото: Сұлтан Сейіт

«Асыл мұра» домбыра ансамблі поппури орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал «Бәйтерек» ансамблі «Бейбітшілік сақталады» әнін өз ырғағында орындап шықты. «Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымы Құрманғазының «Балбырауын» күйін және Н. Тілендиевтің «Ата толғауын» тартты. Концерт барысында түрлі халық әндері шырқалды.

фото: Сұлтан Сейіт

Мерекелік концертке 66 жастағы Майра Хамитова қатысты. Ол бұрыннан бері домбыра шертіп келеді екен. 

«Мен 44 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істегенмін. Зейнетке шыққан соң, 2022 жылы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келіп, бүгінде түрлі үйірмелерге қатысып келемін. «Асыл мұра» домбыра ансамбліне қосылдым. Өзім домбырада бұрыннан бері ойнаймын. Бізде ансамбль мүшелері тек бір аспапта ғана ойнамайды. Шығармашылық нөмірге байланысты ауысып отырамыз. Жалпы 24 адамбыз, оның ішінде, ең үлкені - 75-те, ең жасы - 63 те.  Біз ұжым болып концерттерге тыңғылықты дайындаламыз», - дейді елорда тұрғыны.

фото: Сұлтан Сейіт

Концерт барасында әжелерден құрылған топ көрермендерге «Астанаға келген ауыл әжелері» көрінісін ұсынды.  

«Біздің өнер ұжымы 2023 жылы ақпан айында құрылды. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Одан бөлек, аудан орталықтарына барып, сайыстарға қатысып тұрамыз. Біз бесікке салу, қыз ұзату, құда күту сияқты түрлі салт-дәстүрлерімізді насихаттап жүрміз. Жалпы ұжымда 4 ата мен 11 әже бар», - дейді «Қазына салт-дәстүрлерді дәріптеу» ұжымының жетекшісі Зағипа Жаналиева.

Жиын барысында өнер ұжымдары бір-біріне қолдау білдіріп, алдағы келе жатқан мерекелермен  құттықтады.

фото: Сұлтан Сейіт