«Байқоңыр» ауданында су тасқынына қарсы жұмыстарға 60-тан астам техника жұмылдырылды
Қазіргі таңда елорданың «Байқоңыр» ауданында су тасқынына қарсы жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Байқоңыр» ауданы әкімдігінің мәліметінше, биылғы маусымда қар өте көп түсті. Осыған орай су тасқынының алдын алу шаралары аясында ауданның барлық тұрғын алабында күшейтілген жұмыстар басталды.
«Байқоңыр» ауданындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 60-тан астам арнайы техника мен 25 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта ауданның барлық тұрғын алабында арық-науа желілерін тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ су тасқынына жол бермеу мақсатында қала аумағындағы және жеке сектордағы қар полигонға уақтылы шығарылады. Нақтылап айтсақ, қыс маусымы басталғалы полигонға 700 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. Аудан аумағындағы қар полигоны 24/7 жүйесінде жұмыс істеп тұр», - деді Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімі аппараты өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Медет Алтаев.
Әкімдік өкілі су басу қаупінің алдын алу үшін жеке сектор тұрғындарынан өз аулаларындағы қарды жолға шығарып қоюлары сұралып отырғанын да айтты. Жиналған қар үйінділері арнайы техникалардың көмегімен қала сыртына шығарылатын болады.
Ал тұрғындар өз кезегінде су тасқынының алдын алу жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.
«Аудандық әкімдік қызметкерлеріне рахмет. Қыс басталғалы «Өндіріс» тұрғын алабын аралап, қарды уақытылы тазалап жатыр. Оған біз куәміз. Алда су тасқыны келеді. Соған қарсы жұмыстар күшейтіліп, аудан әкімінің инспекторы түсіндірме қағаздарын таратып жатыр. Мұны тұрғындар құптап отыр. Әрі алдағы уақытта ортақ іске жұмылатын болады», - деді «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғыны Ғалия Нұрсейітова.