Қазақстан шетелдік банктердің филиалдарына қойылатын талаптарды жеңілдетеді
Мәжіліс қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол Мемлекет басшысының банк секторындағы рұқсат беру талаптарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленген. Сондай-ақ қаржы нарығын одан әрі дамыту мен бәсекелестікті арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін шетелдік банктердің филиалдарын тартуға бағытталған. Қаржы нарығын дамыту туралы заң жобасы банк секторына инвестиция тартудағы әкімшілік кедергілерді азайтпақ. Бейрезидент банктің уәкілетті органға ұсынатын құжаттар тізімі қысқарады. Шетелдік банктің жиынтық активтерінің ең төменгі көлемін 20-дан 10 миллиард АҚШ долларына дейін қысқарту жоспарланған. Сонымен қатар шетелдік банктердің филиалдарына жеке тұлғалардың депозиттерін тарту, төлем карточкаларын шығару, шетел валютасымен айырбастау операциялары, синдикатталған қаржыландыру және басқа да қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі.