00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астанада қысқы спорт маусымында түрлі бұқаралық жарыстар өтеді

Астанада қысқы спорт маусымында түрлі бұқаралық жарыстар өтеді
Фото: Elordainfo.kz

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында елордадағы қысқы спорт маусымының ашылуы және қысқы спорт түрлерінен өтетін алдағы жарыстар туралы мағлұмат берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Баймановтың айтуынша, қысқы жарыстардың қатарында шорт-тректен «Astana Open» ашық қалалық  чемпионаты, «Astana Run»: қысқы маусымның жүгіру жарысы, «Qysqy jugiru» жарысы да бар.

«Шорт-тректен «Astana Open» ашық қала чемпионаты желтоқсан айының ортасында «Алау» мұз сарайында ұйымдастырылады. Жарыстың мақсаты – қысқы спорт түрлерін дамыту және спортты насихаттау.

Бұл чемпионатта алдағы қысқы маусымға үздік спортшылардан тұратын Астана қаласының құрама командасы жасақталады. Жеңімпаздар әр жас тобы мен әр қашықтық бойынша жеке біріншіліктерде анықталады», - деді И.Байманов.

 Ал «Astana Run»: қысқы маусымның жүгіру жарысы 8 желтоқсан күні елордадағы Триатлон саябағында өтеді. Мұнда әуесқой жарыс қатысушылары 10 шақырым қашықтықты  бағындыратын болады. 

«Astana Run – бұл 4 кезеңнен тұратын ерекше сайыс, ол қаланың түрлі жерлерінде өтеді. Жүгіруді жаны сүйетін әуесқой желаяқтар жылдың көктем, жаз, күз және қыс айларында жүгіріп, әр кезеңде қаланың сәніне айналған ғимараттары мен сәулеттері бейнеленген медальдарды иеленеді.

Маусым қорытындысы бойынша қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жарысқа қатысушылардың саны 500 адаммен шектелген. Қазіргі уақытта айтулы жарысқа тіркеу ашық. Толық ақпаратты Астана қаласының Триатлон федерациясының парақшасынан ала аласыздар», - деді спикер жарыс туралы.

Сонымен қатар, Исламбек Айдарұлы«Qysqy jugiru» жарысына тоқталды.  

Оның айтуынша, Астанада желтоқсан айының ортасында жыл сайынғы «Qysqy jugiru» жарысы өтеді. Жарыстың негізгі қашықтығы – 10 шақырым. Бұл жарысқа 18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас, 60 жастан жоғары ерлер мен әйелдер шақырылады.

Жарыстың мақсаты – елордада бұқаралық спортты дамыту, қала тұрғындары мен қонақтары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұлт денсаулығын жақсарту.

Мәреге жеткен әрбір қатысушыға финишорлық медаль табысталып, ал әр жас санатындағы жеңімпаздар сертификаттармен марапатталмақ.