Астанадағы Достық үйінде Наурыз мейрамы тойланды


Бүгін Астанадағы Достық үйінде «Қош келдің, әз Наурыз» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің елшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Астана қаласы әкімдігінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, елордалық ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Құрметті халайық. Әз-Наурыз мерекесі құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Өздеріңіз білетіндей, Наурыз мерекесі қыстың аяқталып, шуақты көктемнің келіп, бүгінгі таңда дәстүрге сай өздеріңізбен Достық үйінде бас қосуымыз жалғасуда. Бұл Наурыз мерекесі сонау тарихы терең ата-бабамыздан келе жатқан, бүгінде ұлт пен ұлыстың басын қосып, еліміздің мызғымас бірлігінің айқыны. Бүгінде бейбітшілік пен келісімнің нағыз көрсеткіші деп айтуға болады. Барлықтарыңызға дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұқанов.
Іс-шара барысында қонақтардың назарына концерттік және ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Алаңда киіз үйлер мен алтыбақан орнатылып, қазандарда наурыз көже дайындалды. Театрландырылған қойылымдар, қазақтың салт-дәстүріне арналған көріністер көрсетілді.
«Құрметті қазақстандықтар, бүгінгі Наурыз мерекесі құтты болсын. Осы күні жаңа жыл басталады. Самарқанның көк тасы еріген, жаңа кезеңнің басталатын күні деп ата-бабамыз тойлап келген. Өйткені көктемде жаңа өмір, жаңару басталады. Бұл мерекенің үлкен маңызы бар. Осы мейрамның арқасында біз жыл сайын мәдени жетістігімізді, рухани құндылығымызды дәріптейміз. Үшіншіден, халықаралық, этносаралық достық мәселесі. Қазақстан - көп ұлтты мемлекет. Қазақстанның Ата заңын мойындаған барлық халық үшін қазақтың кең даласының құшағы ашық. Сондықтан бүгінгі мерекеде достықтың, толеранттылықтың, ұлтаралық байланыстың айқын көрінісі көрінеді. Осыған орай жыл сайын Астанадағы Достық үйінде бас қосамыз. Бұл жастарға үлгі, болашаққа үлкен сабақ. Алдағы уақытта бірлікке, ынтымаққа шақыратын мереке деп қабылдаймыз. Мереке құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстанға өсіп-өркендеу, тыныштық тілеймін», - деді профессор Тілеген Садық.
Әр этнобірлестік мәдениетін таныстырып, ерекше өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ қол күрес, қазақша күрес, асық ату, гір көтеру сияқты спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Спорттық ойындардың жеңімпаздары алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Наурыз - көктемнің, жаңарудың, бейбітшілік пен бірліктің мерекесі. Бүгінгі Достық үйіндегі Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шара көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған. Әз-Наурыз мерекесі құтты болсын», - деді Астана қаласы ҚХА хатшылығының бас маманы Жанна Әбдуәлі.