AMANAT: Астанада партиялық қоғамдық кеңес мүшелері жұмысшы мамандықтарының мәселелерін ортаға салды (ФОТО)

AMANAT: Астанада партиялық қоғамдық кеңес мүшелері жұмысшы мамандықтарының мәселелерін ортаға салды (ФОТО)
Фото: Elordainfo.kz/Оңалхан Өнерхан

Бүгін AMANAT партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы Білім және денсаулық мәселелері қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл жолы Кеңес мүшелері елордадағы Техникалық колледждің тыныс-тіршілігімен, өндірістік шеберлік сыныптары мен зертханалардың жұмысымен танысты.

«Лифт шаруашылығы және эскалаторлар» арнайы пәндер оқытушысы Гүлнар Кенжебекова «Оқу полигоны» шеберлік сағатында «Көтергіш-көлік жабдықтарын пайдалану және қызмет көрсету» туралы баяндады.

«Машина жасау технологиясы» өндірістік оқыту шебері Дәулет Кеңесұлы «Аймақтық құзыреттілік орталығы» шеберлік сағатында «Сандық бағдарламалы басқару станоктардағы жұмыстардың қыр-сырын түсіндіріп берді.

Сондай-ақ өзге де оқытушылар өз тәжірибелерін бөлісті.

Мәселен, «CББ бағдарламалау виртуалды сыныбы» зертханасында өткен шеберлік сағатында өндірістік оқыту шебері Бахыт Сариева, ал өндірістік оқыту шебері Ғалымжан Бижігітов «Индустрия 4.0» шеберлік сағатында келушілерге жұмысшы мамандығының маңыздылығын айтып, өз салалары бойынша жан-жақты әңгімеледі.

Бұдан әрі колледж студенттері станоктармен, түрлі жабдықтармен қалай жұмыс істейтінін көрсетті. 

AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болғаннан кейін қандай да бір мәселелер болса, оны көтерген дұрыс. Ол сұрақтар шешімін табуы мүмкін.

«Колледждердегі мамандықтар бойынша қоғамда өзгеше көзқарас бар. Біз сол теріс көзқарасты жоюымыз қажет. Маман иелерінің мәртебесін көтеріп, насихаттауымыз керек. Қоғамдық кеңес мүшелері бүгінгі кездесуден алған әсерлерін бөлісіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Алда барлық техникалық колледжді аралап шығу жоспарымызда бар. Кейін қорытынды жиын өткізуіміз керек. Оған Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын, барлық колледж директорларын шақырып, көтерілген мәселелерді айтып, сол тарапта жұмыс істеуіміз қажет», - деді Мұхаммед Болысбек.

Осы орайда AMANAT партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы Білім және денсаулық мәселелері қоғамдық кеңесінің мүшелері, колледж басшылары мен оқытушылар өздерін мазалайтын проблемаларды ортаға салып, оның шешілу жолдарын бірге қарастырды.