Астанада бұқаралық шаңғы тебу шарасына 200-ге жуық адам қатысты
Бүгін елордамыздың көрікті жері - Орталық саябақта шаңғы тебу бәсекесі ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2024 жылы Астанаға қыс ерте келіп, қала тұрғындары қыстық спорт түрлеріне де назарын аудара бастады. Айдың ортасында «Алау» мұз айдынында конькимен жүгіру маусымы ресми басталса, бүгін Орталық саябақта шаңғы тебуден алғашқы шара өтті.
«Былтыр қыс кеш түсіп, желтоқсан айының аяғында ғана шаңғы тебу маусымын бастап едік. Биыл қар ерте жауып, ауа райы қарашаның өзінде қысқы спортқа қолайлы. Бүгінгі шарамыз ресми шаңғы маусымының ашылуы деп айта алмаймын. Маусым 18 желтоқсанда басталады. Әйтсе де, бүгінгі спорттық шарамызға 200-дей қатысушы жиналды. Жаман емес. Жазда жүгіру танымалдылыққа ие болса, қыста шаңғы тебу тұрғындар тарапынан сұранысқа ие. Спортты серік етіп, демалысты жақсы көңіл-күймен өткізіңіздер», - деді жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин.
Шараға ниет білдіргеннің бәрі қатысып, әр қатысушы өзінің шаңғысын ала келді. Ал бірінші мәрте қызығушылықпен келгендер 2 000 теңгеге жалға алып, осы спорттағы алғашқы қадамдарын жасады.
Айта кетейік, Орталық саябақта жұмыс күндері кешкі 19:00 мен 21:00 аралығында шаңғыны жалға алып, өз бетіңізбен үйренсеңіз болады. Ал жаттықтырушының көмегі қажет десеңіз, балалар үшін 35 мың теңге, ересектер үшін айына 40 мың теңгені құрайтын секция да қарастырылған.
«10 жылдан бері шаңғы тебумен тұрақты айналысамын. Өзім полиция қызметкерімін. Сондықтан осы спорт түрін таңдадым. Аптасына тұрақты түрде 3-4 мәрте тебемін. Шаңғы бүкіл дененің қимылдауына әсер ететіндіктен, қолым да, аяғым да бабында», - деді қала тұрғыны Жомарт Боранбаев.
Енді алдағы уақытта әр апта сайын демалыс күндері Орталық саябақта салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар мен таза ауада белсенді демалуды ұнататындар арасында шаңғы спортынан жарыстар ұйымдастырылатын болады.