Астанада 1 миллион жасыл желек отырғызылады


Елорда биыл да қарқынды дамып, экологиялық әрі жайлы қалаға айналуды жалғастырады, деп хабарлады Elordainfo.kz Урбанистика орталығына сілтеме жасап.
Негізгі басымдық – көгалдандыру мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру.
Қала қалай өзгереді?
1 миллион жасыл желек отырғызылады, оның ішінде қаланың түрлі аймақтарында 65 000 ағаш егілмек.
210 нысан абаттандырылады, олар: 47 жаңа және жаңғыртылған қоғамдық кеңістік, 163 жайлы әрі қауіпсіз аула.
Саябақтар мен жағалаулар - елорданың негізгі жасыл кластерлері көгалдандырылады, олар: Мәңгілік Ел даңғылы, Есіл, Триатлон және Президенттік саябақтары.
Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылы мен Сарайшық көшелері арасындағы жағалау жаңғыртылып, халық үшін демалыс аймағына айналады.
LRT эстакадасының астында Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылында 7500 ағаш отырғызылып, көпір астындағы кеңістіктер қоғамдық демалыс аймағына айналады.
Greenline – қаланың жаңа жаяу жүргіншілер осі жобасы әрі қарай дамиды. "Хан Шатырдың" артында Greenline бульварының құрылысы жалғасуда: заманауи ландшафтық дизайн, жаңбыр бақтары, тоғандар және су жинау жүйесі орнатылып, 1100 ағаш, 25 000 бұта, көпжылдық өсімдіктер мен дәнді дақылдар отырғызылады.
Бульвардың басым бөлігі жаяу жүргіншілерге арналған. 88 аула жаңартылып, оның 18-і кешенді түрде абаттандырылады. 4000 жаңа ағаш отырғызылады.
"Сарыарқа" ауданында Мемлекеттік филармония мен Кенесары хан ескерткіші маңындағы скверлер жаңартылады.
"Нұра" ауданында 10 000 ағаш, 110 000 бұта, "Есіл" ауданында 16 000 ағаш, 68 000 бұта отырғызылады.
"Алматы" ауданында – Қажымұқан Мұнайтпасов, Жұмабаев көшелері жаңғыртылады.
"Сарайшық" ауданында 14 000 ағаш отырғызылады.
Пригородный тұрғын алабында жаңа сквер пайда болады.



