«Астана Опера» театрында «Театрлық бейнелер» көрмесі болады
Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсының премьерасы аясында «Астана Опера» театрында көрермендерге «Театрлық бейнелер» көрмесі ұсынылады, деп хабарлады Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл экспозицияда италиялық суретші Манана Гунианың еңбектері қойылған. Оның костюмдері елордалық театр сахнасындағы ұмытылмас қойылымдардың ажырамас бөлігі болып табылады.
Премьера қарсаңында журналистер алғашқылардың бірі болып қойылымның басты дайындығын тамашалап, баспасөз жиынына қатысты. Спикерлер ретінде қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер Алла Симонишвили (Италия), қоюшы суретші Манана Гуния (Италия), Альчина партиясын орындаушы Татьяна Вицинская және Орландо партиясын орындаушы Расул Жармағамбетов сөз сөйледі.
Қойылым тобы дайындықтың егжей-тегжейін баяндап, көрермендерді Вивальдидің барокко музыкасы мен XVI Людовик дәуірінің көрнекі тұсы үйлескен «Қаһарлы Орландоның» қызықты пайымдауы күтіп тұрғанын атап өтті. Бұл спектакльде кейіпкерлердің ішкі күресі мен трансформациясын бейнелейтін жүрек символы маңызды рөлге ие.
БАҚ өкілдері операның басты дайындығын тамашаламас бұрын, «Театрлық бейнелер» экспозициясына баға берді. Бұл экспозиция «Астана Опера» сахнасының сәнін келтіріп, көрермендердің жүрегін жаулаған «Жасырын неке», «Дон Паскуале» және «Алжирдегі италиялық қыз» сынды операларынан шамамен 20 театрлық костюмді қамтыды.
Әрбір киім өз алдына ерекше, ол өз тарихын мата, түс және ұсақ-түйек детальдар арқылы баяндайды. «Жасырын неке» операсындағы талғампаз барокко стиліндегі көйлектер, «Дон Паскуале» операсындағы комедиялық әрі ойнақы бейнелер, сондай-ақ «Алжирдегі италиялық қыз» операсындағы экзотикалық костюмдер көрермендерді түрлі дәуірлер мен мәдениеттерге жетелейді. Гуния әртүрлі тарихи кезеңдермен шебер жұмыс істейді, оның шығармашылық екпіндері қайталанбас стиль қалыптастырып, костюмдерін жанды әрі динамикалық етеді, олар операның оқиғасын сөзсіз-ақ баяндайтындай әсер қалдырады.
Көрменің ұйымдастырылуы опера өнерінің жанкүйерлеріне үлкен сый болды, олар әдетте көзге көрінбейтін детальдарды жақыннан тамашалай алды.
Театрдағы көрмелерді ұйымдастыру жұмысына жауапты музей әкімшісі Ирина Кусенова журналистермен әңгімелесу барысында «Астана Опера» спектакльдер алдында үнемі экспозициялар дайындайтынын және театр маусымы барысында шамамен 60 көрме өтетінін атап өтті.
Ал «Театрлық бейнелер» жарқын экспозициясына келер болсақ, ол сөзсіз «Қаһарлы Орландо» премьерасының маңызды бастамасы болып, бұл кешке қатысқан әр адамның жадында сақталмақ. Еске сала кетсек, премьера 4 және 5 қазан күндері өтеді.