Сарыағашта тұрып қалған 42 вагон картопқа қатысты министрлік өкілдері пікір білдірді

Сарыағашта тұрып қалған 42 вагон картопқа қатысты министрлік өкілдері пікір білдірді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Сарыағаш станциясында шекарадан өткізілмей, бірнеше күн тұрып қалған тонналаған картоп партиясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүк жөнелтушілер 2,7 мың тонна картоп партиясына фитосанитариялық сертификаттарды үшінші елдерге көліктің барлық түрімен әкетуге тыйым салғанға дейін алған.

«Алайда «Сарыағаш» станциясында шекарадан өту кезінде жүк жөнелтушілерге бірқатар бұзушылықтар, соның ішінде картоп құнының айтарлықтай төмендеуіне байланысты сұрақтар туындады. Құжаттарға сәйкес экспортқа сатылым картоптың килограммына 40-50 теңге деп белгіленген. Сол себепті вагондар барлық жағдайлар анықталғанға дейін ұсталды», - делінген хабарламада.

Құжаттаманы тексергеннен кейін 42 вагон картоп Өзбекстан Республикасының аумағындағы межелі жерге жіберілген. Тексеру кезінде кәсіпкерлер тауар бүлінеді деген қауіп болса, картопты ішкі нарыққа бәсекелестік бағамен сатуға мүмкіндігі болған.

«10 жүк жөнелтуші де картоптың жай-күйіне қатысты мемлекеттік органдарға шағым түсірмеген», - дейді министрліктегілер.