00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада АЭС салудың  қажеттілігі  талқыланды

Елордада АЭС салудың  қажеттілігі  талқыланды
Фото: Elordainfo.kz

Елімізде жалпыұлттық референдумның өтуіне 1 аптадан аса уақыт қалды. Сәйкесінше еліміздің  әр түкпірінде түсіндірме жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгін елордада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев және қалалық халықтық штаб мүшелері «MTEX management» ұжымымен кездесіп, АЭС құрылысына байланысты талқылау жүргізді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбай  жиынға қатысушыларға  АЭС-тың  маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы айтты.

«Энергия тапшылығына байланысты Астана қаласы бойынша бірнеше факт келтіруге болады.  Елордада энергияға сұраныс жоғары. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді бір уақытта толықтай энергиямын қамтамасыз ету мүмкін болмай жатады. 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны 2.5 млн-ға жуық болады деп күтілуде. Егер осыны ескерсек, энергия тапшылығы байқалатыны белгілі. Одан бөлек, қаладағы өндіріс орындарына да үздіксіз энергия қажет. Кәсіпкерлерлердің сөзінше, бизнес бастаймын деген адам үшін құжат дайындау, энергияға рұқсат алу ұзақ уақытты алады. Шағын цехтың жұмысына да толық энергия қажет. Мысалы, Астана қаласы бойынша 70 мыңға жуық Neet санатындағы жастар бар. Бұл статистика қаладағы түрлі жұмыс орындарының адамдарды жұмыспен қамтуға толық мүмкіндігі жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан да өндіріс көп болу үшін алдымен толық энергиямен қамтамасыз ету керек»,- деді Бибигүл Жексенбай.

Сенат депутаты елімізде АЭС салу арқылы экономикалық және әлеуметтік мәселерді оңтайлы шешуге болатынын түсіндірді.

«Елімізде АЭС салу тақырыбы бойынша сөз қозғалса, қауіпсіздік мәселесі туындайды. Халықты да осы сұрақ мазалайды. Қазіргі салынып жатқан атом реакторлары дамыған және қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беріледі. Тіпті жел сілкінісі болса, 9-10 баллға дейін төзімді келеді. АЭС салу арқылы еліміздің экономикалық жағдайы жақсарып, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Сондықтан да  референдум алдында халық арасындағы АЭС туралы түрлі теріс және жалған пікірлерді сейілтіп, нақты деректерді айту маңызды»,- деді Бибигүл Жексенбай.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев Қазақстанның атом электр станциясын салу үшін барлық мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

 «Қазір қоғамда АЭС тақырыбы бойынша белсенді пікірталас жүріп жатыр. Мысалы, егер Солтүстікте, Шығыста және Батыста энергиямен жабдықтау қолайлы деңгейде болса, онда ел халқының жартысы тұратын Оңтүстікте энергияға тәуелділік жағдайы өте өзекті. Мұндай жағдайда аймақта жаңадан жұмыс орындарын құра алатын ірі өндірістік нысандарды дамыту қиын. Бұл аймаққа жаңа электр көздері қажет. Әр түрлі нұсқалар бар, бірақ қазіргі жағдайда таза, жасыл энергетиканың бөлігі болып табылатын атом электр станциясы халықаралық классификацияға сәйкес — ең қолайлы шешім болып көрінеді. Қазақстанда АЭС салу үшін барлық мүмкіндік, яғни шикізат ресурстары, білікті кадрлар, екі ірі ғылыми мекеме, сондай-ақ атом энергетикасында жұмыс істеуге 6-7 мың студент дайындайтын жоғары оқу орындары бар. Сондықтан да алдағы референдумда әр азамат дұрыс шешім қабылдайтынына сенемін»,- деді Павел Казанцев.

Жиын барысында қалалық халықтық штаб мүшелері де тақырыпқа байланысты өз ойларымен бөлісті. Еңбек ұжымы АЭС құрылысына қатысты сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.