Астана тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді

Астана тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді
Фото: Василий Крась

Астанада «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында «Тұрсын-Астана 2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары сенбілік өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тұрсын-Астана 2» тұрғын үй кешенінде 100-ден астам адам жұмыс құралдарын алып, аулаға шықты. Олар үйлерінің аумағын қоқыстан тазартып, ағаштардың түптерін қопсытты.

«Бүгін тұрғындармен бірге сенбілік өткізіп жатырмыз. Бұл игі істі жыл сайын 12 сәуірде ұйымдастырып отырамыз.

Мақсатымыз – жастарды еңбекке баулу, тазалыққа үйрету. Бұл өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге деп ойлаймын. Сондықтан барша қала тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырамын», - деді «Тұрсын-Астана 2» тұрғын үй кешенінің төрағасы Қуаныш Оспанов.

Сенбіліктен үйдің кішкентай тұрғындары да шет қалмады. Кішкентай балақайлар үлкендерге көмектесіп, қоқыс жинады.

«Қуаныш ағайымыздың бастамасымен тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізге таза ауада, таза жерде жүрген ұнайды. Ата-аналарымызға қолғабыс жасап, қоқыс жинасуға көмектесіп жүрміз», - дейді 3-сынып оқушысы Мейірхан Дүйсен.

Көптеген үйлерге үлгі бола алатын тату көршілік қарым-қатынастар осындай болса керек.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілікке шықтық. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» дейді. Бұл үйіміздің береке мен бірлігін, ауызбіршілігін, ұйымшылдығын білдіреді. Осы үйде 13 жылдан бері тұрамын. Тату-тәтті тұратын көршілеріме көп рақмет», - дейді тазалық акциясына қатысқан қала тұрғындарының бірі Меруерт Омарова.

Тұрғын үй кешенінің төрағасы Қуаныш Оспановқа тұрғындар төсбелгі тағып, алғыс хатпен марапаттады.

Тазалық жұмыстарынан кейін тұрғындар Наурыз мейрамын атап өтті. Аулада киіз үй тігіліп, ас әзірленді.

Астана қаласы филармониясының өнерпаздары ән шырқап, күй күмбірлетті. Сондай-ақ концерттен тұрғындар да тыс қалмады.

Айта кетейік, елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр.