00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері 91 мыңнан астам адамға көмек көрсетті

«Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері 91 мыңнан астам адамға көмек көрсетті
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы сапарын одан әрі жалғастыруда. Бүгінге дейін пойыз алты облыстың, яғни Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 48 стансаны аралады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жоба аясында 10 мың баланы қоса алғанда барлығы 32 мың адам пойыздағы медицина мамандарына қаралды. Сонымен қатар оларға 91 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде стоматологиялық қызметтер, зертханалық зерттеулер, кішігірім хирургиялық оталар, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер бар.

Аурулардың ерте диагностикасы мен дер кезінде емделуіне ерекше назар аударылады. Қазіргі сәтте жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және балалардың ауруларын қосқанда түрлі дертке шалдыққан 1933 науқас анықталды. 255 баланы қоса алғанда барлық науқастар тұрғылықты жері бойынша емханалардың тұрақты бақылауына алынды.

Жоба тек диагностикалау үшін ғана емес, сонымен бірге күрделі және төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуде де маңызды болып шықты. Мәселен, Жақсы стансасында кардиологқа қаралған науқастың ауруын дер кезінде анықтау арқылы ол бір ажалдан аман қалды. Оның бойында миокарда инфаркті ауруының белгілері анықталып, дереу ауруханаға жатқызылды. Медициналық пойыз жабдықтарының арқасында қауіпті ауруларды жедел анықтап, шұғыл көмек көрсету мүмкін болды.

Медициналық пойыздың жұмысы әлі де жалғасуда, енді жылдың соңына дейін Қазақстанның 11 облысындағы тағы 44 стансаны қамту көзделуде. Жоба командасында педиатр, кардиолог, рентгенолог, хирург және басқаларын қоса алғанда 14 тар бейінді салалық маман бар. Олардың бәрі де еліміздің ең шалғай жерлеріндегі тұрғындардың қажетті медициналық көмекті дер кезінде және жоғары деңгейде алуына ниетті.

Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – шалғай стансалардағы тұрғындарға білікті мамандардың медициналық көмегін беру және денсаулық сақтау саласына қаралуға мүмкіндігі шектеулі өңірлердің медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру.