00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Айкерім Дощанова: Позитивті әйелдер – өмірдегі жеңімпаздар

Айкерім Дощанова: Позитивті әйелдер – өмірдегі жеңімпаздар
Фото: Айкерім Дощанованың жеке архивінен

Акушер-гинеколог мамандығы медициналық біліммен қоса, эмоционалды қолдау мен сыни жағдайларда жылдам шешім қабылдау қабілетін қажет етеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс гинеколог-эндокринологі, «Астана» медицина университеті интернатурасының Акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі Айкерім Дощанова Elordainfo.kz тілшісіне табысты акушерге қандай дағдылар мен қасиеттер қажет, сондай-ақ акушерліктің қазіргі заманғы үрдістері мен перспективалары туралы айтып берді.

Айкерім Дощанованың еңбек жолы 1981 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін Маңғыстау облысында басталды. 46 жылдық кәсіби қызметінде ол отыз мыңнан астам ананы босандырып, көптеген операциялар жасады. Оның алтын қолынан мыңдаған пациенттер көптен күткен ана болу бақытына ие болды.

А.Дощанованың айтуынша, ол бала кезінен қоғамға пайдалы мамандықтардың бірі ретінде дәрігер мамандығын армандаған. Ал өмірлік мамандығын 3-курста таңдайды.

«Біздің отбасымызда медицина әрқашан құрметті мамандық саналды. Туыстардың көпшілігі дәрігер, кейбіреулері тіпті профессор болды. Әкем мені ерте жастан бастап медицина саласына бағыттады. Ол бұл менің шынайы кәсібім екеніне сендірді. Мектеп кезінде мен пластикалық хирургияға ерекше құмар болғаным есімде. Тіпті менің сынып жетекшім осы тақырып бойынша маған арнайы әдебиеттер беретін. Ал әпкем медициналық институтқа түскенде мен оған бірде барған едім. Сол кезде, мен, 8-сынып оқушысы алғаш рет операциялық залды, ақ халат киген студенттерді бақылап отырып, өз өмірімді медицинамен байланыстырғым келетінін түсіндім. Әкем хирургияны ерлерге арналған мамандық деп санаса да, мен 3-курста Акушерлік және гинекологияны таңдадым. Акушерлік бөлімде алғаш тәжірибеден өткен кездің өзінде-ақ мен бұл іске бірден ғашық болдым. Менің таңдауымды қолдағаны үшін отбасыма алғыс айтамын», - деді Айкерім Дощанова.

Кейіпкеріміздің кәсіпқойлығының жарқын мысалдарының бірі – оның 32 жастағы әйелді оның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп тұрған кеселден аман алып қалуы еді.

«Бұл науқастың жүктілігінің 37-ші аптасында болған оқиға еді. Медициналық тексеру кезінде әйелдің ағзасында ауыр асқыну бар екені белгілі болды. Мұндай жағдай әйелдің өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді, өйткені ол тоқтаусыз қан кетуді тудыруы мүмкін. Жағдайдың күрделілігін ескере отырып, біз кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдадық. Бірақ ауыр қан кетудің алдын алу үшін біз қан тамырларын эмболизациялау әдісін қолдануға жүгіндік. Бұл – өте сирек кездесетін және техникалық жағынан күрделі хирургиялық процедура. Бірақ медицинаны ең жаңа технологиялармен қамтамасыз етіп отырған мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінің қолдауының және ауруханамыздың бас дәрігерінің мақұлдауының, сондай-ақ әріптестеріміздің кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында біз осы күрделі процедураны жүзеге асыра алдық. Операциядан кейін бірнеше күн оның жағдайын тәулік бойы бақылап отыруға тура келді, өйткені ең кішкентай өзгерістер ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Бұл менің тәжірибемдегі ең ұмытылмас жағдайлардың бірі болған шығар», - дейді ол.

Әйтсе де, мұндай қиындықтарға қарамастан, акушер-гинекологке өз кәсібі көптеген жағымды эмоциялар әкеледі. Оның айтуынша, пациенттердің алғысы – емдеу сапасының негізгі көрсеткіші және әрі қарай сапалы жұмыс істеуге ынталандыратын таптырмас қолдау.

«Менің тәжірибемде көптеген әсерлі оқиғалар болды, бірақ солардың бірі ерекше есте қалды. Бірнеше жыл бұрын мен жатырында тыртықтары бар науқасты босандырдым. Бұл – әрқашан ерекше сақтықты қажет ететін қиын жағдай. Бақытымызға орай, бәрі ойдағыдай өтті. Әйел салмағы 4700 грамм баланы аман-есен дүниеге әкелді. Алты ай өткен соң ол маған үлкен гүл шоқтарымен келді. Бұл – оның Израильдегі туыстарының сыйы екені белгілі болды. Олар операцияның күрделілігіне таңданып, оны маған тапсыруды өтініпті», - деп еске алады акушер-гинеколог күлімсіреп.

Айкерім Дощанова дәрігердің негізгі міндеті – әйелдің бала кезінен бастап кәрілікке дейінгі денсаулығын, сондай-ақ болашақ баланың денсаулығын қорғау деп санайды. Ал бұл – салауатты өмір салты, спорт, дұрыс тамақтану туралы үлкен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары екені белгілі.

«Акушерлік және гинекология саласындағы тәжірибелі маман ретінде біздің басты міндетіміз, ең алдымен, бүкіл халықтың репродуктивті әлеуеті мен денсаулығын сақтау деп санаймын. Ең алдымен, біз қыздар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударамыз, олардың жалпы денсаулығын ғана емес, репродуктивті денсаулығын сақтау үшін жұмыс істейміз. Жас кезден бастап ағзаңызға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру өте маңызды. Сондай-ақ, өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басқан 40 жастан асқан әйелдермен жұмыс істеу де маңызды. Көбінесе осы кезеңде олар денсаулығына назар аударуды тоқтатады. Әйелдердің денсаулығын сақтау әр әйел үшін бірінші кезектегі міндет болуы керек екенін атап өткім келеді. Бұған акушер-гинекологтар көмектеседі», - деді Айкерім Дощанова.

Әрбір әйел тұрақты гинекологиялық тексеруден өту олардың денсаулығына қамқорлық жасаудың маңызды бөлігі екенін білуі керек. Маманның айтуынша, гинекологқа бару аурудың пайда болуын болдырмау немесе оларды уақтылы емдеу үшін қажет.

«Мен акушер-гинеколог ретінде барлық әйелдерге жылына кемінде бір рет гинекологқа үнемі баруды ұсынамын. Бұл профилактикалық тексерулер жүргізуге және қажет болған жағдайда кез келген проблеманы жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Өйткені әйелдердің ішкі мүшелерінің жағдайын өз бетінше бағалау мүмкін емес. Тексерулердің маңызды себептерінің бірі – жатыр мойны обырының даму қаупі. Сонымен қатар, қауіпті патологиялардың, соның ішінде онкологиялық аурулардың алғашқы белгілері жиі кездеседі. Бірақ оларды арнайы тексеру кезінде білікті дәрігер ғана ерте анықтай алады. Жатыр мойнының жағдайын диагностикалау үшін арнайы сынақтар қажет. Тек зертханалық зерттеулер қарапайым көзге көрінбейтін нормадан шамалы ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайларда емдеуді уақтылы бастау көптеген жылдар бойы денсаулық үшін шешуші факторға айналады», - деп атап өтті акушер-гинеколог.

Акушер-гинеколог Айкерім Дощанова позитивті әйелдер өмірде жеңімпаз болатынына сенімді. Маманның айтуынша, позитивті ойлау психикалық стресстің деңгейін төмендетіп қана қоймайды, сонымен қатар физикалық денсаулыққа жанама оң әсер етеді. Сондай-ақ, дәрігер белсенді өмір салтын ұстануға және таза ауада көбірек серуендеуге кеңес береді.

«Өмірдің қиындықтарына қарамастан, бұл әлемнен жақсы және жарқын нәрсе таба біліңіз. Адамдардағы ең жақсыны көріңіз, ал өзіңізде бар нәрсені бағалаңыз. Бұл ішкі үйлесімділік пен тыныштықты сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ, денсаулықты сақтау үшін әртүрлі биологиялық белсенді қоспаларды немесе дәрі-дәрмектерді қолдану қажет емес екенін атап өткім келеді. Салауатты өмір салтын ұстану әлдеқайда маңызды. Бұл, ең алдымен, пайдалы тамақтануға қатысты. Мен диетологтардың бірінің айтқанымен толық келісемін, ол былай деп атап өтті: «Сырттан таңылған кейбір диеталарды соқыр түрде ұстанудың қажеті жоқ, одан гөрі дәстүрлі диетаны ұстанған дұрыс». Қорытындылай келе, мен әйелдерге ең бастысы, өзіңізді жақсы көріңіз және бағалаңыз. Әр атқан таңда өзіңізді ең әдемі, табысты және бақытты екеніңізді айтып қайталаңыз. Бұл сізге позитивті болуға көмектеседі», - деп қорытындылады маман.

Сұхбаттасқан: Мөлдір Лезбаева

Аударған: Салтанат Мұратқызы