Елордалық әлеуметтік педагогтер тәжірибе алмасты


Бүгін Астанадағы №93 мектеп-лицейінде әлеуметтік жас педагогтерге арналған семинар-практикум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған 50-ге жуық жас әлеуметтік педагог пен аттестациядан өтетін педагог қатысты.
«Іс-шара барысында осы салада көпжылдық тәжірибесі бар мамандар психологиялық қолдау орталығының бағыттары мен міндеттері, дағдарыс жағдайларында балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, білім алушылардың әлеуметтік жағдайын тексеру қағазының толтырылуы, әлеуметтік педагогтерді аттестаттау жайлы айтылады, сондай-ақ нақты кейстермен жұмыс жүргізіледі. Одан бөлек қазір оқушылар арасында кездесетін проблемаларды талқылаймыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық қолдау орталығының әдіскері Гүлдана Бекетаева.
Семинардың мақсаты – жас маманның кәсіби өсуі мен дамуына ықпал ету және әдістемелік қолдау көрсету. Сонымен қоса педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, әлеуметтік-педагогикалық қызметтің өзекті мәселелерін талқылау.
«Әлеуметтік педагог – оқушыға көмек көрсету үшін ата-ананың, мектептің күш-жігерін біріктіретін маңызды тұлға.
Бүгін кездесу барысында мен практикалық кейстер бойынша жұмыс жүргіземін. Мәселен, 1-кейс – ата-ананың ажырасуы. Мұндай жағдайда 7 жастағы бала тұйық және оның бойында қорқыныш пайда болады. Сондай-ақ оның мектептегі оқу үлгерімі нашарлайды. Міне, осындай жағдайда әлеуметтік педагог балаға қандай көмектер көрсетеді? Соның әдіс-тәсілдерін талқылаймыз», - деді Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық қолдау орталығы әдістемелік бөлімінің басшысы Айман Сәдуақасова.
Сонымен қатар қатысушылар спикерлерге сауалдарын қойып, жауаптарын алды.



