Елордада XX «Жұлдызай» Республикалық балалар шығармашылығының фестивалі өтті

3 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елордада XX «Жұлдызай» Республикалық балалар шығармашылығының фестивалі өтті
фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін XX «Жұлдызай» Республикалық балалар шығармашылығының фестивалі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 6 мыңнан астам бала қатысты. Оның ішінде 250 бала вокал, хореография, аспаптық орындау және ым-ишарамен ән орындау номинациялары бойынша лауреат атанды.

Фестивальдің ашылуына қатысқан оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан бұл байқаудың еліміздің түкпір-түкпіріндегі таланатты балаларды біріктіретін маңызды шара екенін атап өтті.

Жиналғандарға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«XX «Жұлдызай» Республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің қатысушыларын құрметпен қарсы алуға рұқсат етіңіздер. Осы жылдар ішінде фестиваль ел аумағында қанат жайып, республикалық деңгейге дейін өсті. Ол еліміздің өңірлеріндегі талантты, дарынды балалардың басын қосты», - деді вице-министр.

Мерейтойлық фестивальдің Гран-при иегері Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Інжу Тілеужан болды. Ең талантты баланы таңдау үшін 100 000 қазақстандық дауыс берді.