Астаналық ұстаз қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударды
Елордалық ұстаз қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударды, деп хабарлады Elorda.info.
Зәмзәгүл Туитина қазіргі кезде Астана қаласындағы №38 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Шет тілін оқытудағы жаңа әдіс оның оқушыларының оқу үлгеріміне оң әсерін тигізген.
Зәмзәгүл Туитина – ағылшын тілінен 39 жылдық еңбек өтілі бар, педагог-шебер. Осы жылдар ішінде ол ағылшын тілін оқытудың әртүрлі әдістерін жасап, тәжірибеде қолдана білді. Сабақ барысында ақпараттық технологияларды қолдану, тілді ән және фильмдер арқылы үйретумен қатар, оқушылар арасында танымал шығармалар мен қазақ ертегілерін аударды. Сөйтіп, ұстаз Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі мен «Алдар Көсе мен Шықбермес Шығайбай» ертегісінен үзінділерді ағылшын тіліне аударған.
Маған еліміздегі үздік ұстаздардың бірінің шәкірті болу бақыты бұйырды. Ағылшын тіліне деген үлкен қызығушылығымды оның сабақтары, шығармашылық тапсырмалары, әр тақырыпқа үлкен ынтамен қарайтыны себепші болды. Зәмзәгүл Қалкенқызының тілді үйретуде шәкірттерінің білім деңгейін жоғары деңгейге дейін жеткізіп, ағылшын тілінде сөйлетіп шыққанына куә болдым. Ол еңбек еткен жылдары бір емес, бірнеше буын олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды, - дейді 11-сынып оқушысы Ұлпан Болатқожа.
Айта кетейік, Зәмзәгүл Туитина – «Reading for pleasure» ағылшын тіліндегі нұсқаулықтың авторы. Оған балалар әдебиетінің классиктері мен ең танымал заманауи авторлардың үзінділері енгізілген. Балалар оларды сабақта да, бос уақытында да оқиды.
Сонымен қатар, Зәмзәгүл Туитинаның шәкірттері «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы аясында батыс әдебиетін ағылшын тілінде оқып жатыр. Сабақтар аптасына екі рет сабақтан тыс уақытта тегін өткізіледі.