Қостанайлық прокурорлар жол жөндеушілерден 35 млн теңге айыппұлды бюджетке қайтарды

Қостанайлық прокурорлар жол жөндеушілерден 35 млн теңге айыппұлды бюджетке қайтарды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы жүргізген талдау аясында аудандық автомобиль жолдарын жөндеу кезінде заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық пркуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1,9 млрд теңге сомасына бағаланған 8 жол учаскесі бойынша жасалған шарттарда кепілдік мерзімдерінің болмағаны белгілі болды, бұл мердігерлердің орындалған жұмыстардың сапасына жауапкершілікті алмау қаупін туындатқан. Сонымен қатар құны 720 млн теңге болатын жол учаскесін жөндеу мерзімдерін бұзған мердігерге қатысты шаралар уақтылы қабылданбағаны анықталды.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды: мемлекеттік сатып алу шарттарына қосымша келісімдер жасалып, үш жыл мерзімге кепілдік міндеттемелер енгізілді, сондай-ақ бюджетке 35,6 млн теңге көлемінде айыппұл (тұрақсыздық айыбы) қайтарылды.

Мемлекеттік сатып алулар мен жол жөндеу саласына қадағалау жалғасуда», - делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Астананың көше-жол желісі бір жылда қалай өзгергенін жазған едік.