«Жезкиік» АҚ ұжымына жаңа Конституция жобасының нормалары түсіндірілді

«Жезкиік» АҚ ұжымына жаңа Конституция жобасының нормалары түсіндірілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана әуежайында «Жезкиік» акционерлік қоғамы ұжымымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараға «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев, Астана қаласы мәслихатының депутаты Сәуле Самидин және «Жезкиік» АҚ басшылығы мен ұжымы қатысып, құжатта ұсынылған өзгерістер жан-жақты қарастырылды.

Кездесу барысында спикерлер жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, олардың ел дамуына оң ықпал ететініне назар аударды.

Астана қаласы мәслихатының депутаты Сәуле Самидин жаңа Конституцияның тиімді тұстары жайында ойын ортаға салды.

«Мен жаңа Конституция жобасында аталған отбасы және неке институтының нығайтылуын, кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балаларды еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндеттейтінін дұрыс шешім деп қабылдаймын. Одан бөлек, Ата заңның 21-бабы – жеке деректерді қорғау туралы. Яғни, цифрлық заманда кез келген ұйым сіздің жеке деректеріңізді сіздің келісімінсіз таратуға құқығы жоқ және ол Конституциямен қорғалатын болады. Осы орайда алаяқтықпен күрес мейлінше күшейе түседі деп ойлаймын. Сондықтан мұндай нормаларды дер кезінде енгізу өте маңызды. Ал 23-бапта сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілген. Сонымен қатар зияткерлік меншік заңмен қорғалады. Әр адам бір нәрсе ойлап тауып, жасап өз идеясын немесе туындысын қорғай алады. Маған экология туралы норма да ұнады. Әрбір азамат табиғи ресурстарға ұқыпты қарап, оларды қорғауға міндетті», - деді ол.

Республикалық Жас кәсіпкерлер лигасының төрағасы Мерхат Жылқыбаев жаңа Ата заң бүгінгі күні көптеген тұсі өзгертілгенін айтты.

«Бұл ретте негізі мемлекеттік тілге, оның деңгейіне, ұлттық құндылыққа, мәдениетке, инновацияға және тағы да басқа көптеген жағдайға көңіл бөлінді. Бірінші, Ата заңымыз енді қалыптасып келе жатқан тәуелсіз елдің Конституциясы болса, қазіргі жаңа Ата заң ол аяғынан тік тұрған, қалыптасқан мемлекеттің Конституциясы болады. Мұнда ешкімнің құқығы аяққа тапталмайды», - деді Мерхат Жылқыбаев.

Осыдан соң «Жезкиік» АҚ қызметкерлері өз пікірін білдіріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды. Ашық форматта өткен жиында әрбір қатысушы көкейіндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Еске сала кетсек, 15 наурызда референдум күні азамат өзі тіркелген жерден басқа жерге баратын болса қалай дауыс бере алады? деген сұраққа Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жауап берді.