Қостанай облысында велосипедші бала жүк көлігі соққысынан қайтыс болды
Жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне себеп болған жүргізушіге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының сотында жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан қылмыс бойынша М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтағандай, 2025 жылғы 22 шілдеде Бейімбет Майлин ауданының Тобыл кентінде М. Mersedes-Benz 1424 жүк көлігін тіркемесімен басқарып келе жатты. Ол жол қозғалысының қауіпсіздігін және қажетті қауіпсіз бүйірлік арақашықтықты қамтамасыз етпеген. Соның салдарынан жолдың жүру бөлігінде велосипедпен келе жатқан кәмелетке толмаған Н.-ның велосипедіне жүк көлігінің тіркемесінің оң жақ дөңгелегімен соққы жасаған. Кәмелетке толмаған Н. жас ерекшелігіне байланысты айналасындағы жағдайды толық әрі дұрыс бағалай алмаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған Н. алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Сотталушы М. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот сотталушының жеке басын, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, М.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіне өтеледі.
Сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.