Жеке клиникалардың басшысы медициналық сақтандыру қорының 66 млн теңгесін иемденген

Жеке клиникалардың басшысы медициналық сақтандыру қорының 66 млн теңгесін иемденген
Фото: freepik.com

Алматы облысында стоматологиялық клиника көрсетілмеген қызметтер үшін медициналық сақтандыру қорының 66 млн теңгесін иемденген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті тегін медициналық көмектің аясында стоматологиялық қызмет көрсету кезінде жасалған алаяқтықты тергеп-тексеруді аяқтады.

Жеке стоматологиялық клиникалардың директоры әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жалпы сомасы 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарт жасасқан. Шарт талаптарына сәйкес клиника әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттенген.

Алайда күдікті «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізіп келген. Ол дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған.

Тергеу кезінде 4 597 ортодонтиялық көмектің жалған екені анықталды. Қорға жалпы 66 млн теңге шығын келтірілді.

Сот клиниканың банк шоттарындағы 23 млн теңгеге, сондай-ақ құны 29 млн теңге стоматологиялық жабдықтарға тыйым салды. Күдікті қазір үйқамақта отыр.

Еске сала кетсек, Астанада заңсыз ет сатқандар анықталды