Жасанды интеллект министрлігінде жаңа Конституция нормаларын түсіндіру шарасы өтті

Жасанды интеллект министрлігінде жаңа Конституция нормаларын түсіндіру шарасы өтті
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талқылауға Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Екатерина Смышляева және Снежанна Имашева, сондай-ақ Заңнама және құқықтық ақпарат институтының сарапшысы Индира Әубәкірова мен министрлікке қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен онлайн қосылғандарды есепке алғанда, барлығы 1 500-ден астам адам қатысты.

Кездесудің басты мақсаты - мемлекеттік құрылымның болашағы мен азаматтардың құқықтарын қорғауды айқындайтын конституциялық реформалар туралы ашық диалог құру болды. Технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде қазақстандықтардың цифрлық құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие. Қатысушылар мемлекеттік қызметтер, медицина және қаржы салаларын жаппай цифрландыру жағдайында Конституцияның жаңа нормалары жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және дербес деректердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінін талқылады.

«Жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау - бұл цифрлық мемлекетке деген сенімнің негізгі шарты. Бұл нормаларды конституциялық деңгейде бекіту қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды сапалы жаңа деңгейге көтереді және қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашады», - деген Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев өзгерістердің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Алдағы референдум саяси жүйені жаңғыртуға және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды оқиға. Жаңартылған Конституция технологиялардың адам игілігіне қызмет етуінің және заңның цифрлық әлемде әрбір азаматтың мүддесін сенімді қорғауының кепілі болмақ.

Еске сала кетсек, республикалық референдумға шетелде жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады.