Республикалық референдумға шетелде жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады

6 наурыз, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Республикалық референдумға шетелде жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады
Фото: freepik.com

Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жанынан 54 шет мемлекетте 71 референдум учаскесі құрылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 11 ақпандағы № 1170 Жарлығына сәйкес, 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы бойынша республикалық референдум өтеді.

Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары референдум учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгіне алады.

«Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде дауыс беру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңы 38-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес референдум өткізілетін күні (2026 жылғы 15 наурыз, жексенбі) жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізілетін болады.

Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға байланысты, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Израиль, Иордания Хашимит Корольдігінде, Иран Ислам Республикасында, Қатар, Кувейт, Ливан Республикасында және Оман Сұлтанатындағы Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері жанынан құрылған референдум учаскелері уақытша жұмыс істемейді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар қауіпсіздік себептерге байланысты, Украина мен Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы елшіліктерінің жанынан құрылған референдум учаскелері де уақытша жұмыс істемейтін болады.