Референдум-2026

Жасанды интеллект көші-қон саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға көмектесуде

Бүгін, 15:59
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жасанды интеллект көші-қон саласындағы заң бұзушылықтарды анықтауға көмектесуде
фото: Оңалхан Өнерхан

Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың төрағалығымен көші-қон заңнамасының сақталуы мәселелеріне арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Отырыс барысында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларын қолдана отырып әзірленген «Dala-Cloud» ақпараттық-талдамалық жүйесі таныстырылды.

«Жүйе мемлекеттік ақпараттық ресурстардағы мәліметтерді автоматты түрде талдап, тәуекел индикаторларын анықтайды және көші-қон заңнамасын бұзудың жүйелі фактілерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

«Dala-Cloud» жүйесінің көмегімен 159 мыңнан астам шетел азаматы және 30 мыңнан астам әкімшілік материал бойынша мәліметтер талданған. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды дұрыс сараламаудың 287 фактісі, жұмыс берушілерге қатысты шара қолданбаудың 61 жағдайы, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 11 фактісі, елден шығарып жіберу туралы сот актілерінің орындалмауының 12 фактісі, тұрғын үй иелерінің келісімінсіз шетел азаматтарын тіркеудің 5 фактісі, сондай-ақ өзге де жүйелі заң бұзушылықтар анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры Берік Адамов заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы көші-қон заңнамасы талаптарының бұзылуын уақтылы анықтауды, жолын кесуді және алдын алуды қамтамасыз ететінін атап өтті.

Еске салайық, елімізде ЖИ, туризм және алаяқтыққа қарсы күрес бойынша стандарттар әзірленіп жатыр.