Жас математик Әмірлан Аманжолов Массачусетс институтының грантын ұтып алды
Алматыдағы Haileybury мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірлан Аманжолов — ұлттық құраманың мүшесі әрі болашағынан зор үміт күттіретін жас математиктердің бірі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ол соңғы жылдары халықаралық олимпиадаларда тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Әмірлан олимпиадалық математикамен 7-сыныптан бастап айналысады. Оның бүгінгі жетістіктері — жүйелі дайындықтың, ұстаздары мен отбасының қолдауының нәтижесі.
2025 жылы ол Аустралияда өткен 66-шы Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл додада Қазақстан құрамасы 112 елдің арасында 17-орынға ие болса, Әмірлан күміс медаль жеңіп алды.
Жас дарынның табыстары ел көлемінде де лайықты бағасын алды. 2025 жылы ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, 1 000 АЕК көлемінде біржолғы сыйақы сертификатына ие болды. Сонымен қатар, оның жаттықтырушысы да мемлекеттік наградамен марапатталды.
Халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің арқасында Әмірлан әлемнің жетекші университеттерінен шақырту алды. Олардың қатарында Гарвард, Стэнфорд, Калифорния университеттері, Массачусетс технологиялық институты (MIT) және Лондондағы Империялық колледж бар. Ақырында, толық білім беру грантын ұсынған Массачусетс технологиялық институтын (MIT) таңдады.



Әмірланның айтуынша, олимпиадалық қозғалыс оның академиялық дамуына үлкен серпін беріп, армандаған университетіне түсуіне жол ашқан.