Заңды тұлғалардың банкроттығы: жаңа түзетулерден соң не өзгереді
2026 жылдың басында елімізде жеке және заңды тұлғалардың банкроттығына қатысты өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Соңғы жылдары заңды тұлғалар банкроттығы саласында елеулі өзгерістер болмаған. Алайда тәжірибе бұл бағытта рәсімдердің тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетті. Осыған байланысты жаңа түзетулер кезең-кезеңімен енгізілуде.
2026 жылғы 19 наурыздан бастап күшіне енген негізгі өзгерістер:
- банкроттықты басқарушының өкілеттіктері кеңейтілді;
- уақытша басқарушыны шеттету тетігі енгізілді;
- кредиторларды хабарландыру тәсілдері кеңейтілді;
- банкрот деп тану туралы қайта жүгіну мерзімі белгіленді;
- тек салық берешегі бар жағдайда оңалту рәсімін қолдануға шектеу қойылды;
- мүлікті тікелей сату кезіндегі кредиторлар жиналысының өкілеттігі нақтыланды.
Бұл өзгерістер банкроттық және оңалту рәсімдерінің ашықтығын арттырып, оларды жосықсыз пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Қазіргі таңда әкімшілердің кәсіби деңгейін арттыру және кредиторлардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған қосымша түзетулер ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қаңтарда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» және «Оңалту және банкроттық туралы» заңдарға түзетулерге қол қойылған болатын.
Бұдан бұрын жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беруде не өзгеретінін жазған едік.