Жаңа жыл мерекесі тыныш әрі қауіпсіз өтті – ІІМ

Жаңа жыл мерекесі тыныш әрі қауіпсіз өтті – ІІМ
Фото: ІІМ

Жаңа жыл түні көшелер мен қоғамдық орындарда ауыр және аса ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«31 желтоқсан таңынан 1 қаңтар таңы аралығында полицияның 102 жедел байланыс пультіне 11 448 өтініш түсті, оның ішінде 3 082-сі түнгі уақытта келіп түскен. Қоңыраулардың басым бөлігі анықтамалық сипатта болды. Азаматтар петардаларды пайдалану мәселелері бойынша хабарласып, мұз айдындары мен жаңа жылдық шыршалардың қайда орналасқанын нақтылады, сырғанақтарда адасып қалғандар туралы, сондай-ақ аулаларда дұрыс қойылмаған автокөліктер мен шығуға кедергі келтірген жағдайлар жөнінде хабарлады», — делінген хабарламада.

Барлық өтінішке полиция қызметкерлері уақтылы әрекет етіп, қолданыстағы заңнама аясында қажетті шараларды қабылдады.

Жаңа жылды тойлау кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды.

«Қабылданған шаралар мен полицияның үйлесімді жұмысының арқасында мерекелік іс-шаралар тыныш өтті. Көшелер мен қоғамдық орындарда заң мен тәртіп толық көлемде қамтамасыз етілді», — делінген хабарламада.

Бұған дейін Президенттің Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарға алғыс айтқанын жазған едік.