Жаңа Конституция жобасы Солтүстік Македония Парламентінде таныстырылды

Бүгін, 11:43
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жаңа Конституция жобасы Солтүстік Македония Парламентінде таныстырылды
Фото: ҚР СІМ

Қазақстанның Солтүстік Македониядағы елшісі Сатыбалды Бұршақов Солтүстік Македония Парламенттік тобының төрағасымен Никола Коняновски бастаған Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі мүшелерімен кездесуде Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы презентация жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елші депутаттарды биыл 15 наурызда Қазақстанда саяси жүйені одан әрі демократияландыру мен жаңғыртуды, Президенттен Парламентке бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуді және жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтуді көздейтін жаңа конституция жобасын қабылдау бойынша жалпыұлттық референдум өтетіндігі туралы хабардар етті.

Қазақ дипломаты Конституциялық новеллалар ықпалды парламенті бар супер президенттік модельден президенттік республикаға көшудің соңғы кезеңін белгілейтініне назар аударды. Елші жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді айқындау арқылы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін жетілдіруге арналғанын атап өтті.

«Негізгі заңды жаңартудың мақсаты – мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформация мен жаһандық тұрақсыздықты қоса алғанда, қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне бейімдеу. Реформаның өзегінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, сондай-ақ ресурстық даму моделінен адами капиталға, ғылым мен инновацияларға негізделген экономикаға көшу мәселелері тұр», – деп мәлімдеді С.Бұршақов.

Кездесу барысында тараптар екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады және өзара қызығушылық тудыратын халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Солтүстік Македония парламентшілері биліктің заң шығарушы тармағының өкілеттіктерін кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған конституциялық реформаның қазақстандық тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.

Бұған дейін Астанада «Қазпошта» ұжымында конституциялық өзгерістер талқыланғанын жаздық.