Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға дайындық ЕҚЫҰ өкілдерімен талқыланды
Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Сайлау департаменті директорының орынбасары Ульви Ахундлумен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиын барысында тараптар 15 наурызға белгіленген Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша алдағы республикалық референдумға дайындық барысын талқылады.

Отырыста адам құқықтарын қамтамасыз ету, сөз бостандығы және реформалар үдерісіне азаматтық қоғамның қатысуына ерекше назар аударылды. Евгений Кочетов барлық үдерістердің ашық әрі әділ түрде өтіп жатқанын және ақпараттық жұмыс кең ауқымда жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазақстан тарапы ЕҚЫҰ-ның сараптамалық қолдауы мен бақылау миссиясына қатысқаны үшін алғыс білдірді. Қазақстан ЕҚЫҰ арасындағы саяси, гуманитарлық және адам құқықтарын қорғау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Бұған дейін ЕҚЫҰ өкілдері Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысымен танысқан болатын.