«Заң мен тәртіп»: Астанадағы балабақшада тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен №80 «Ботақан» балабақшасында «Тәртіп пен ұқыптылық» тақырыбында танымдық әрі тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның басты мақсаты – 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндердің бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру, мәдени-гигиеналық дағдыларды дамыту және қоғамдағы тәртіп нормаларын ерте жастан меңгерту. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, барлық тапсырма ойын және интерактивті форматта ұсынылды.

Іс-шара барысында педагогтер балалармен бірлесе жұмыс істеп, түрлі бағыттағы тапсырмалар ұйымдастырды. Атап айтқанда, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ою-өрнектер туралы ойындар өткізілді. Балалар оюларды құрастырып, олардың мағынасы туралы алғашқы түсінігін қалыптастырды. Сонымен қатар Наурыз көженің қалай дайындалатыны жайлы әңгімеленіп, ұлттық тағамдарға деген қызығушылық оятылды. Экологиялық тәрбие де назардан тыс қалған жоқ. Балаларға суды үнемдеу, қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты жерге тастамау сияқты қарапайым, бірақ маңызды дағдылар үйретілді. Бұл бағыттағы тапсырмалар күнделікті өмірмен байланыстырыла отырып түсіндірілді.
«Балабақшамызда барлығы алты топ. Екі ересек топ, екі ортаңғы топ және екі мектепалды даярлық тобы бар. Әр топ өз деңгейіне сәйкес тапсырмалар орындап, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге дағдыланады. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты да балаларды тек ойын арқылы емес, күнделікті тұрмыста кездесетін қарапайым әрекеттерге бейімдеу, яғни ұқыптылық, тазалық, тәртіп сақтау секілді қасиеттерді бала санасына ерте жастан сіңіру», – дейді №80 «Ботақан» балабақшасының меңгерушісі Жұлдыз Қонақбаева.
Еске сала кетейік, Астана бюджетіне көлік салығынан 10 млрд теңгеден астам қаржы түсті.