Заң мен тәртіп: Астанада тұрғындардың діни сауатын арттыруға бағытталған акция өтті

Бүгін, 16:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Заң мен тәртіп: Астанада тұрғындардың діни сауатын арттыруға бағытталған акция өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Орталық жағажай аумағында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Ашық алаң» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара Дін істері басқармасының қолдауымен QAMQOR-ASTANA қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

Акция «Заң мен тәртіп – тұғырымыздың негізі» тақырыбында ұйымдастырылды.

Негізгі мақсат – тұрғындардың діни сауатын арттыру, деструктивті діни ағымдардың қаупі туралы ақпарат беру, сондай-ақ діни саладағы заңнаманы түсіндіру.

Іс-шара қатысушылары үшін ұлттық құндылықтар, дәстүрлер, Қазақстан тарихы, сондай-ақ дін мен салт-дәстүр сабақтастығына арналған «сұрақ-жауап» форматындағы викторина ұйымдастырылды. Балалар үшін Отан, отбасы, білім және адамгершілік құндылықтары тақырыбында мақал-мәтелдер байқауы өткізілді.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, акцияны ұйымдастыруға белсенді қатысқан еріктілерге естелік сыйлықтар берілді.

Акция барысында тұрғындарға деструктивті діни ағымдардың қаупі, тыйым салынған террорлық және экстремистік ұйымдар тізімі, сондай-ақ сенімді ақпарат көздерін пайдалану жөніндегі ұсынымдар қамтылған үш мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды.

Сондай-ақ келушілерге діни экстремизмнің алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

Еске сала кетейік, Астанада биыл 27-29 мамыр аралығында өтетін Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын арнайы орындар белгіленді.