«Заң мен тәртіп – Адал азаматтың жолы»: Астанада дебат ойыны өтті
Астанада Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Заң мен тәртіп – Адал азамат жолы» қалалық байқауының кезекті кезеңі өтті. Іс-шара елорда мектеп оқушылары арасында пікірсайыс форматында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтем жасап.
Зияткерлік сайысқа қаланың әр ауданынан 12 мектептен шамамен 120 оқушы қатысты. Қатысушылар заң нормаларының күнделікті өмірдегі маңызы, азаматтың жеке жауапкершілігі және құқық бұзушылықтардың салдары жөнінде көзқарасын білдірді.
Ашық диалог форматы оқушыларға құқықтық білімін көрсетуге ғана емес, сонымен қатар өз пікірін дәлелді түрде қорғауға, құқықтық жағдайды талдауға және саналы шешім қабылдауға мүмкіндік берді.

Пікірсайыс қорытындысы бойынша қаланың барлық ауданынан №№5, 28, 56, 83, 85, 97 мектептер финалдық кезеңге жолдама алды, олар жоғары дайындық деңгейін, логикалық ойлау қабілетін және командалық жұмысты көрсетті.
Байқау «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткізіліп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталды.
Іс-шара қала прокуратурасының бастамасымен әкімдік пен білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттыруға және заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.


