Жан басына шаққанда – 15 мың доллар: Президент ұлттық экономиканың өсімі туралы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ұлттық экономиканың өсімі туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"Экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес" , - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек.
"Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты.
АҚШ праезиденті Трамптың «ақылға сыйымды ой» стратегиясының ықпалымен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады", - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын жариялағанын жаздық.