Халықаралық сарапшы Қазақстанның су саласын цифрландырудағы жұмысын жоғары бағалады
БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор Қазақстанның су саласын цифрландыру бағытындағы жұмысын жоғары бағалады, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Сарапшы, әсіресе, елімізде су ресурстарын басқаруды жаңғырту қарқынын атап өтті.
«Мұнда көріп отырған үдерістерді Германиямен және жалпы Еуропамен тікелей салыстыратын болсақ, Еуропада мұндай жұмыстар екі есе көп уақыт алады. Біріншіден, бұл – заңнамалық рәсімдерге байланысты. Дегенмен, әдетте, барлық қатысушы арасындағы үйлестіру және келісім процесі әлдеқайда ұзаққа созылады. Қазақстанның су ресурстарын басқаруға цифрлық технологияларды енгізуге қаншалықты ынталы екені мені таңғалдырды әрі ерекше әсер қалдырды. Бұл үшін қолайлы орта қалыптасқан. Су ресурстары және ирригация министрлігі, министр, вице-министрлер мен департаменттер бір бағытта жұмыс істеп, ортақ мақсаттарды көздеп отыр», – деді БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі.

Қазіргі таңда Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Сонымен қатар суармалы суды жеткізу бойынша электронды келісімшарттар жасау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өткізіліп, өзен ағысын модельдеу және болжау жүйелерінің қамту аясы кеңейтіліп жатыр.
Айта кетейік, соңғы екі жыл ішінде су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құраған.