Қазақстан XIV қысқы Паралимпиада ойындарына 10 лицензия жеңіп алды

Қазақстан XIV қысқы Паралимпиада ойындарына 10 лицензия жеңіп алды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында қазақстандық спортшылардың XIV қысқы Паралимпиада ойындарына дайындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол жарыстар 2026 жылдың 6-15 наурыз аралығында Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтетінін атап өтті. 665 спортшы қатысады деп күтілуде, олар 79 медаль жиынтығын сарапқа салады.

«Ұлттық команда 2 спорт түрінен – пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан қатысуды жоспарлап отыр. Бұл спорт түрлері бойынша 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бүгінге дейін ұлттық команданың 7 спортшысы 10 лицензия жеңіп алды. Олардың қатарында Ербол Хамитов – парабиатлоннан әлем кубогының жалпы есепте жеңімпазы атанған тұңғыш қазақстандық және Хрусталь глобустың иегері, Александр Герлиц – 2022 жылы Пекинде өткен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері», — деді Ербол Мырзабосынов.

Ойындарға сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 6 оқу-жаттығу жиыны өткізілгені атап өтілді.
Жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу үшін пара шаңғы спорты және парабиатлон бойынша шетелдік жаттықтырушы-кеңесші Роман Александрович Петушковпен келісім-шарт жасалды. Жалпы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық қалыпты жағдайда жүріп жатыр және ерекше бақылауда.