Ұландықтар Астанада өткен халықаралық дрон-жарыста жүлдегер атанды
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының «Burkit Team» спорт командасының әскери қызметшісі елордадағы Astana IT University базасында өткен AITU KazRoboDrone 3.0 халықаралық дрон-рейсинг және авиамодельдеу жарысына қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған додаға түрлі өңірлер мен шет мемлекеттерден 120-дан астам қатысушы жиналды. Ұшқышсыз ұшу аппараттары санатында 20 қатысушы жеңіс үшін бақ сынап, трассадан өту жылдамдығын, маневр жасау дәлдігін және ұшу шеберлігін көрсетті. Финалдық кезең қорытындысы бойынша ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» спорт командасының әскери қызметшісі Бекзат Жайдарбекұлы үшінші орынды иеленді. Ол FPV-дрондарды басқарудағы жоғары кәсіби дайындығы мен шеберлігін көрсетті.
Бұл нәтиже құқықтық тәртіп әскерлерін даярлау жүйесінде ұшқышсыз технологиялардың маңызы артып келе жатқанын айғақтайды, сондай-ақ, дрон-рейсинг пен авиамодельдеу саласындағы қазақстандық мамандардың жоғары әлеуетін көрсетеді.
Бұған дейін қысқы Олимпиадаға спортшыны даярлау үшін қандай мемлекеттік қолдау қарастырылғанын жаздық.