Түркістанда колледж жатақханасындағы дау: Жауапты тұлғаларға сөгіс жарияланды
Аталған жағдай бойынша Білім басқармасы арнайы жұмыс комиссиясын құрып, мән-жайды анықтау мақсатында жатақханаға барып тексеру жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.
Айта кетерлігі таяуда Көпсалалы индустриалды-техникалық колледж жатақханасында туындаған келіспеушілік жөнінде видео тарады. Студент қыздарды қызметкерлер ұлдар бөлмесін тазалауға мәжбүрлеген.
«Қазақстан заңнамасына сәйкес кәмелетке толмаған білім алушыларды жұмыс істеуге мәжбүрлеуге, сондай-ақ оларға қысым көрсетуге жол берілмейді. Бұл бала құқығын бұзу және балалар еңбегін пайдалануға тыйым салатын талаптарға қайшы әрекет», делінген комитеттің таратқан хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде жауапты тұлғаларға сөгіс жарияланған. Қазір студенттер мен ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.