Туризм және спорт министрлігі еліміздегі тау шаңғысы курорттарына мониторинг жүргізе бастады

7 қаңтар, 2026
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Туризм және спорт министрлігі еліміздегі тау шаңғысы курорттарына мониторинг жүргізе бастады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда қысқы демалыс маусымының қызу жүруіне байланысты Туризм және спорт министрлігі еліміздегі тау шаңғысы курорттарына мониторинг жүргізе бастады. Негізгі мақсат — демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тау шаңғысы нысандарының ұлттық стандарттарға сәйкестігін бақылауға алды. Тексеріс кезінде мамандар келесі жайттарды бағалайды:

• Трассалар мен аспалы жолдардың жай-күйі;

• Қауіпсіздік талаптарының сақталуы;

• Нысандардың санитарлық жағдайы;

• Туристік инфрақұрылымның сапасы.

Бүгінде Қазақстан бойынша қысқы спорт әуесқойлары үшін 13 арнайы локация жұмыс істеп тұр.

Алматы маңы мен облыстағы танымал курорттар

Алматы өңірі — еліміздегі тау туризмінің орталығы. Мұнда халықаралық деңгейдегі бірнеше нысан бар:

Shymbulak: Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең биік түнгі трассасы бар. Жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын трассалардан бөлек, мұнда парапланеризм мен атпен серуендеу қолжетімді.

Oi-Qaragai: 28 шақырымдық 15 трассасы бар алпауыт кешен. Отбасылық демалысқа өте ыңғайлы.

Ақ Бұлақ: Фрирайд әуесқойлары үшін таптырмас орын. Сондай-ақ Pioneer базасы жаңадан бастаушылар үшін тиімді.

Солтүстік пен шығыстағы қысқы демалыс орындары

Ақмола облысында Бурабай курорттық аймағындағы Orman Ski Resort, Көкшетау маңындағы Elikti Park және Нуртау базалары туристерді қабылдауда. Мұнда 800 метрден 4 шақырымға дейінгі трассалар, тюбингтер бар.

Шығыс Қазақстан табиғатымен ерекшеленеді:

Алтай асқарлары: 12 беткейі бар, маусым сәуірге дейін созылады.

Риддер маңы: Stardust Camp пен Эдельвейс базаларында кәсіби трассалар жабдықталған.

Оңтүстік пен Павлодар өңірі

Түркістан облысындағы Алатау курорты (Төле би ауданы) 1,8 шақырымдық трассасымен белгілі болса, Павлодар облысындағы Мырзашоқы базасы бір күндік демалыс пен тюбинг тебуге ниетті жандарды күтеді.