Тоқаев: Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарып келеді

Бүгін, 13:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарып келеді
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық.

Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті.

Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш.

Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады.

Халық саны 20,5 миллионға жуықтады.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.

Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін маңызды бастамалар көтергенін атап өтті.

«Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді.

Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.

Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті.

Бұдан бөлек біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақтың болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық.

Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыздар.

Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді, осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.