Тоқаев Қазақстан жастарына үндеу жасады

Тоқаев Қазақстан жастарына үндеу жасады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жастарды референдумға белсене қатысуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған. 
Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар.
Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады», - Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы жастарға жүктелетінін атап өтті. Олардың дауысы нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетпек.

«Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді. Біз – бейбіт елміз. Қазақстанның көк түсті төлқұжатын жаһан жұртшылығы жақсы біледі және құрметтейді.

Әлемнің әр түкпірінде азаматтарымызды жылы қабақпен, ерекше ілтипатпен қарсы алады. Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз шетелде кедергісіз білім алуда. Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі.

15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді», - деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағысы келетінін жеткізді.

«Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз. Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады.
Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал, кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді. 

Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу. Демек ісіміз оңға басып, берекелі болары сөзсіз. Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті.

Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз. Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік», - деді ол.