Президент: Мұғалімдерді аттестациялау жүйесі түсінікті әрі ашық болуы керек
Президент педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады.
Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр.
Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім. Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ.
Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызды мәселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруге тиіс.
Біліктілікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сондай-ақ, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларын енгізген жөн, бұл қызметтік міндет деп айтуға болады», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет екенін атап өтті.
«Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталғым келеді. Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын.
Әсіресе, тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз.
Бірақ облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайды. Мәселе мынада: облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн.
Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет.
Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.