«Таза сана – Таза қала»: Астанада БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында өткен байқаудың үздіктері анықталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында отандық БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында өткен «Таза сана – Таза қала» байқауының қорытындысы шықты. «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған жарыста жүзден жүйрік атанған жүлдегерлер салтанатты жиында арнайы марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ, Астана қаласының, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитариялық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын ашуға ықпал ету. Байқау биыл 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп, оған 122 журналист, блогер және шығармашылық иелері қатысты, 150-ден астам материал келіп түсті.

Салтанатты жиында «Астана Тазалық» ЖШС Бас директоры Замир Сагинов Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының маңызын атап өтті. Биыл аталған мекеменің жұмысы туралы ақпарат кеңістігінде 487 материал жарық көріпті. Соның 370-і қарапайым қызметкерлер туралы болған.
«Биыл бұл байқауға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл қоғамда тақырыптың өзектілігі жоғары екенін және бұқаралық ақпарат құралдарының оған белсенді түрде үн қосқанын көрсетеді»,- деді серіктестік басшысы.
Барлығы 5 номинация бойынша 12 жүлделі орын мен 7 арнайы сыйлық берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге брендтік сыйлықтар мен дипломдар және ақшалай марапаттар табыс етілді. «Астана Тазалық» ЖШС бұл байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп, экология, еңбек адамы туралы жазып, қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген журналистердің шығармашылығын қолдауға мүдделі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Тәуелсіздік күніне орай журналистер мен блогерлерге арналған байқау жарияланғанын хабарлаған болатынбыз.
Райхан Рахметова