«Тасымалдаушы»: елордада өткен іс-шарада жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды
Елорда аумағында «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында жолаушылар тасымалы саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Тексеру іс-шаралары нәтижесінде заңнама талаптарын бұзу, оның ішінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдалану фактілері анықталды. Сонымен қатар, мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің жолын кесу фактілері тіркелді.
Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша заңнама талаптарын бұзудың мыңнан астамы дерегі анықталды. Оның ішінде техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін жүзден астам көлік құралын пайдалану фактісі тіркелді. Сондай-ақ мас күйінде көлік басқарған жүргізушілер анықталып, олардың құқыққа қайшы әрекеттерінің жолы кесілді, - делінген хабарламада.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды заңнама талаптарын қатаң сақтауға, көлік құралдарының техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауға және жолдағы қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін елордада самокат, велосипед жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қатысты рейдтер жалғасып жатқаны туралы жаздық.